Кино • 01 Қазан, 2019

Түркістанда «Бекзат» көркем фильмінің тұсаукесері өтті

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген фильм Сидней Олимпиадасының чемпионы, жасындай жарқ еткен жұлдыз Бекзат Саттархановтың өміріне арналған. 

Түркістанда «Бекзат» көркем фильмінің тұсаукесері өтті

Ерте сөнген жұлдыздың​ санаулы ғұмырындағы жігерлі жетістіктерін, қайтпас қайсарлығын, ұлжандылығы мен намысқойлығын көрсету арқылы бүгінгі ұрпақты рухтандыру, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен фильмнің алғашқы көрсетіліміне даңқты спортшының ата-анасы, туыстары арнайы қатысты. «Бекзаттың имандылығы, үлкенді сыйлайтывн кішіпейілдігі, қазақылығы, табандылығы, алға қойған мақсатын орындайтын қайсар мінезі қазіргі қазақ жастарына керек», - дейді  Бекзаттың әкесі Сейілхан Саттарханов.

Фильм тұсаукесерінде сөз алған ​ «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев фильмнің түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстамбұл қалаларында өткенін айтып өтті. ​ Картинаның режиссері - Мұрат Бидосов, сценарийін Сержан Закерұлы жазған.​ Басты рөлді 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған, жас актер Самат Әзімқұлов сомдаған.

Фильмнің сюжеттік желісінде Бекзат Саттархановтың балалық шағы, бозбала кезеңі және өмірінің соңғы сәті қамтылған. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Боксқа келген алғашқы сәттері, аянбай тер төккен жаттығулары, жарыстардағы жеңісі, Олимпиада шыңын бағындырған сәттері көрініс тапқан толықметрлі картина 3 қазаннан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

 

 

Түркістан облысы